193 (қалалық телефондардан тегін) 8 727 258 15 00
kz ru

Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізіп, аналогтық жүйені өшіру бойынша мемлекеттік жобаның 2-ші кезеңі аяқталды

Опубликовано: 09.07.2019

Цифрлық эфирлік телерадиохабар таратуды (ары қарай – ЦЭТВ) енгізу бойынша Мемлекеттік жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру аяқталды. Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында аналогтық телехабар тарату желісі толығымен өшірілді. Естеріңізге сала кетсек, аталған жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда, облыс орталықтарында 30 шақты телеарна, ал аудан орталықтары мен елді мекендерде 15-ке жуық телеарна цифрлық сапада қолжетімді. Аналогтық жүйені өшіру бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Бұған дейін 2018 жылы Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне толықтай көшкен болатын.  

Жобаны жүзеге асыру аясында жергілікті атқарушы органдар үш облыста халықты ақпараттандыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізді. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ЦЭТВ-ға көшу және аналогтық желінің өшірілетіні туралы мақалалар мен жарнамалық модульдер үнемі жарияланып тұрды. Республикалық және аймақтық телерадиоарналарда имидждік дыбыс және бейнероликтер берілді. Облыс орталықтары, қала мен ауылдарда  ақпарттық билбордтар ілінді.

         Облыстық және аудандық әкімдіктер атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды цифрлық қабылдағыштармен тегін қамтамасыз ету шараларын жасады. Биыл Алматы, Павлодар және Қостанай облыстарында аналогтық желі өшірілгенге дейін 3000-нан астам отбасы цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне мемлекеттік бюджет есебінен қосылды.

         Алматы облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ақпараттық саясат және БАҚ мониторингтеу бөлімінің басшысы Салтанат Нұрахметова хабарлағандай, облыста әлеуметтік атаулы көмек алатын 2342 отбасы қабылдағыштармен тегін қамтамасыз етілді.

         2019 жылы Павлодар облысында аналогтық желі өшірілмей тұрып тұрмысы нашар 300-ге жуық отбасына тегін ресиверлер таратылды. Оған дейін 600 отбасы қабылдағыштармен қамтамасыз етілген болатын. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов хабарлады. 

Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Байменова хабарлағандай, өңірде 987 отбасы цифрлық қабыдағыштармен тегін қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, ЦЭТВ-ның қамту аумағына енбейтін елді мекендердегі 1500 үй шаруашылығына  тартылыныды қаражат есебінен жерсеріктік қондырғы орнатылды.

Цифрлық эфирлік телерадиохабар тарату желісін енгізу бойынша мемлекеттік жобаны сәтті жүзеге асыру мақсатында Алматы, Қостанай және Павлодар облыстарында барлығы 178 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, модернизациядан өтті. Бұл РТС-тер үш өңірдегі 1755 елді мекенді ЦЭТВ сигналымен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазтелерадио» Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дальмира Шигаева хабарлады.

 

«Цифрлық эфирлік телерадиохабар тарату желісін енгізген соң ең шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындарына дейін республикалық қана емес, жергілікті 15 шақты қазақстандық телеарнаны тамашалай алады. Осылайша, еліміздегі ақпараттық қауіпсіздік, сондай-ақ қала мен ауыл тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендету секілді мәселелер шешіледі. Сонымен қатар, радиожиілік ресурсын босату да жобаның басым бағыттарының бірі болып табылады. Егер бұрын аналогтық желіде 1 телеарна 1 радиожиілікті толтырса, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісінде бір жиілікте 15 телеарна трансляцияланады. Босатылған жиіліктер Қазақстанның коммуникация саласын ары қарай дамытуға жұмсалмақ», - деді Дальмира Шигаева.

Дальмира Санжарқызының айтуынша, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшу – Қазақстанның жалпы телехабар тарату нарығында отандық телеарналардың үлесін арттырады, әрі халықтың ақпарат көздеріне тең дәрежеде қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Қазақстанның бүкіл аумағында аналогтық желіні толық өшіру мақсатында барлығы 827 радиотелевизиялық станцияны тұрғызып, мордернизациядан өткізу қажет. Қазіргі уақытта 447 РТС іске қосылды, олар 4255 қала мен елді мекенді цифрлық эфирлік телехабар сигналымен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Жобаны жүзеге асыру 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.