193 (қалалық телефондардан тегін) 8 727 258 15 00
kz ru

Телевизияның аналогтан цифрға дейінгі даму тарихы

Опубликовано: 28.11.2019

Біз бүгін «Фантастика» санатындағы фильмдерді көреміз, ал ертең-ақ сондағы технологияларды өзіміз күнделікті пайдаланатын боламыз. 

Біздің әжелеріміз телеграфтың өмірге келгенін көрсе, біз, бұйыртса, кванттық компьютердің пайда болуын, ақпаратты кубитпен өлшеп, ғарышкердің аяғы қандай да бір экзопланетада із қалдырғанын тікелей эфирде тамашалайтын боламыз.

Ашылған және ашылатын жаңалықтардың алыс та болса жақын, жақын да болса алыс болатын себебі, коммуникациялар ғаламдық сипатқа ие болып, экономика мен технологиялардың дамуында шешуші факторға айналуда. Бұрын БАҚ қызметі белгілі бір өңірмен шектеліп, бәсекелестік орта бір ғана ақпараттық қауымдастықтың шеңберінде құрылатын еді. Енді ғаламдану дәуірі әлемдік экономиканың бірыңғай нарығы – геоэкономиканы қалыптастырып жатыр. Сондықтан барлық коммуникативтік байланыстардың ішіндегі ең көп таралған сала – телевизияның дамуы маңызды басымдылыққа ие болып келеді. 

Кескінді қашықтан беруді адамзат баяғы заманнан армандайды. Экранда адамдарға жан бітіп, тарихтың сөйлегеніне қол жеткенге дейін де талай жүз жылды бастан өткердік.

Сірә, 1884 жылдың ең тамаша өнертабысы неміс инженері Пауль Нипковтың дискісі болған шығар. Оның көмегімен кескін электр импульстерге айналды. Құрылғы механикалық телевизия деп аталатын дәуірге жол ашты.

Ал 1925 жылы швед инженері Джон Бэрд қозғалатын кескіндерді жібере алатын алғашқы тележүйені ойлап тапты. Кескін желіде тігінен сканерленіп, секундына бес кескін жіберілетін. Тарихта алғаш рет берілген кескіннің бөлшектері ажыратылып көрінетін болды.

1928 жылы Джон Бред жіберілетін суретті түрлі-түсті жасап, шынайылыққа бір табан жақындата түсті. Бұл жүйеде Нипков дискісі үшеуден пайдалынылды. Камера ішінде әр дискінің алдында негізгі үш түстің біреуін ғана өткізетін сүзгі тұрды. Ал телевизиялық қабылдағышта әр дискінің артына оған түсі сәйкес келетін шам орнатылды. 

1930-жылдардың ортасында механикалық телевизия дәуірі аяқталып, оны электрондық телеқабылдағыштар ауыстырды. Алғашқы данасын Владимир Зворыкин басқарған «Radio corporation of America» деп аталатын америкалық ғылыми зертхана дайындап шығарды. В.Зворыкин электрондық телевизияның болашақ жүйесінің негізіне айналған жіберу түтікшесінің құрылмасы – иконоскопты жасап шығарды.

КСРО-да, электрондық телевизия дәуірі 1939 жылы Мәскеудегі Шаболовка көшесінде жаңа телеорталықтың ашылуымен басталды. Сол жылы наурызда аптасына төрт рет екі сағаттан шығатын тұрақты телехабар  тарату жолға қойылды. Дегенмен, 1941 жылы, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты, телевизия тоқтатылды. Трансляциялар тек 1945 жылы ғана қалпына келтірілді.

Соғыстан кейінгі уақыттың өзінде телевизияның стратегиялық маңызын түсінгендіктен, телехабар таратуды дамыту индустриясы басым болып қала берді. 1950-жылдардың басында теледидарлар сәл де болса қазіргі теледидарларға ұқсай бастады, радиобөлшектер азайып, экрандардың диагоналы үлкейтілді. 

1951 жылы маңызды оқиға – Мәскеу телеорталығы базасында Орталық Телевизия студиясының ашылуы болды.

1958 жылы 8 наурызда Қазақстанда Алматы телевизиялық студиясы – қазіргі «Qazaqstan»телерадиокомпаниясы өз жұмысын бастады. 1965 жылға қарай телевизия Өскемен, Қарағанды, Жезқазған, Петропавловск, Нұр-Сұлтан (Целиноградта), Орал, Балқаш, Семей мен Павлодарда пайда болды.

1960-жылдары Алматы телестудиясы ОТ (орталық телевизия) хабарларын трансляциялап қана қоймай, өз бағдарламаларын да шығара бастады. Бұл нағыз кәсіби мамандардың үлкен еңбегінің арқасында мүмкін болды, өйткені камералар тым үлкен әрі зілдей ауыр еді, олардың салмағы 100 кг-ға жететін. Үйдей телеаппараттар залға кейде сыймай қалатын, телевизиялық таспаның жуан-жуан орамаларымен жұмыс істеген кездер еді ғой.

Қат әрі бағасы қымбат болғандықтан, телевизиялық қабылдағыштары бар адамдар көп болған жоқ. Алматыда 4000-дай, ал басқа өңірлердің бәрін қосқанда бар-жоғы 2000-дай адамда теледидар болды. Дегенмен, олардың есігі қашан да айқара ашық, телехабарларды көруге теледидар экранының алдына көршілер мен достар үймелей жиналушы еді.

Телевизия мәдени-ағартушылық мақсаттарды көздеді. Алматы телестудиясы «Ғылым мен техника әлемінде» бағдарламаларын дайындап, студияға Қазақстанның ғалымдары мен инженерлерін жиі шақыратын. Қазақстан ТВ дамып бастағанда, сонымен бір мезгілде Кеңес космонавтикасының дәуірі де басталды. Қазақстандықтар, әлемдегі миллиондаған адамдар сияқты, теледидар экранының алдында отырып, Байқоңыр сынақ айлағынан ғарышқа ұшқандарды тамашалаушы еді.  

1967 жылы Алматыда «Орбита» қабылдау жерүстілік станциясы жұмысқа кірісті. Ал 1969 жылы түрлі-түсті телевизия дәуірі басталды. Алматы ОТ хабарларын түрлі-түсті кескінмен қабылдайтын болды.   

1970-жылдары ең алғаш рет телевизиялық сигналды магниттік таспаға жазып алуға арналған құрылғы – бейнемагнитофондар пайда болды. Алматы телеивизиялық студиясында төрт бейнемагнитофон жұмыс істеп, бейнежазбаларды сақтап отыруға мүмкіндік туды. Ал жаңалықтар студиясына телетайптар орнатылды. Журналистер шұғыл жаңалықтарды эфирге телетайптан оқитын еді.   

Телевизия халықты барынша көп қамтып, олардың ойлау сипатына, елдегі саяси және экономикалық жағдайға орасан зор әсер етуде. Телевизия жасап шығарған образдар қоғамдық пікір қалыптастыруда шешуші күшке ие. Мысалы, маңызды оқиғалардың бірі Мәскеуден Олимпиада-80-нің репортаждарын беру болды. Қазақстандықтар теледидар арқылы 1980 жылғы Олимпиаданың бірінші чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің жеңісіне куә болды.

1984 жылдың аяғында Алматыда Көктөбе жотасындағы Радиотарату телевизиялық станциясы пайдалануға қабылданды. Ол Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында орналасқан кәдімгі металл құрылмадан тұратын ескі Алматы телемұнарасын ауыстырды. Биіктігі 372 метр жаңа телевизиялық мұнара астананың көркі әрі визит карточкасына айналды. Оның жабын аймағы 4 есеге ұлғайды. 

Телевизия қарқындап дамып жатты. 1958 жылдан бастап 1988 жылдар аралығындағы кезеңде 1036, оның ішінде 78  қуатты телевизиялық станция салынып, 1400-ге жуық таратқыш пайдалануға берілді. Халық арасындағы телевизиялық қабылдағыштардың саны 1988 жылға қарай 5 млн. бірліктен асты.  

1990-жылдардың аяғында Қазақстанда «Жарық» телевизиялық жерсеріктік хабар тарау желісі іке қосылды. Ауыл мен жетуге жолы қиын өңірлердің тұрғындары «Қазақстан» телеарнасына қолжетімділікке ие болды. «Жарық» жүйесі КСРО-дағы ең алғашқы Ku-диапазонды жерсеріктік телехабар тарату желісі болғанын атап өту керек. Осының арқасында Ұлы дала елі ғарыш жерсерігінен сигнал қабылдауға қол жеткізді.

1991 жылы Қазақстан телевизиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ант қабылдау рәсімін трансляциялады. Тәуелсіз Қазақстанмен бір мезгілде «Хабар» жаңалықтар арнасы өмірге келді. Мемлекет қана емес, сонымен бірге, жаңа ақпараттық кеңістік те құрылып жатты.  

Мемлекеттік телевизиямен қатар, «Азия ТВ», «Отырар», «Дала», «Гульжан ТВ», «Крамдс Твин» тәуелсіз телекомпаниялар да ашылды, бірақ ХХ ғасырдың аяғына қарай олар хабар таратуды тоқтатты.

1994 жылы халықаралық жоба – «Алма-ТВ» телекомпаниясы пайда болды. «Алма-ТВ» телевизиялық хабар тарату жүйесіне бірінші абонентті қосқан 1995 жылдың 16 мамырын коммерциялық кәбілдік және жерсеріктік хабар тарату дәуірінің басталуы деуге болады. Дәстүрлі ТВ-мен салыстырғанда кәбілдік және жерсеріктік хабар таратудың мүмкіндіктері шексіз болып көрінеді. Кәбілдік телевизияның жаңадан дамып бастаған кездерде сигнал аналогты болатын, яғни ол кескін мен дыбысының сапасы  аса жоғары емес ескі теледидарлардың мүмкіндіктеріне толығымен сәйкес келетін. Нәтижесінде сигналды жіберудің аналогты тәсілі цифрлық тәсілмен толықтырылып немесе толығымен ауыстырыла бастады.

Қазіргі теледидар, күн-түн демей, әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған арналарды бір мезгілде трансляциялайтынын білсе, 30-жылдардағы адамдардың не дейтін кім білсін?!

Екімыңыншы жылдары алға жаңа – цифрлық хабар таратуға көшу міндеті қойылды. Қазақстанның ірі қалалары жиіліктік «аштықты» сезіне бастады, яғни жиілік жетіспейтін болды. Бір Алматының өзінде аналогты пішімде 12 телеарна мен 11 радиостанция хабар таратты. Шамамен саны сол мөлшердегі электрондық БАҚ астанамызда да жұмыс істеп тұрды. Эфирлік телевизия жаңа заман телекөрерменінің біртіндеп ішін пыстырды, бірақ телеарналар санын көбейтудің мүмкіндігі тағы жоқ, өйткені аналогты телеарналар жұмыс істейтін 50 – 850 МГц диапазонының оған жұмыс жиілігі жетпейді. Хабар тарату торына жаңа арналарды қосу дыбыс пен кескін жіберудің сапасына әсер етеді. Проблеманы тек цифрлық хабар тарату пішіміне көшу ғана шеше алатын еді. Ол жіберілетін сигналдың сапасын жақсартып қана қоймай, хабар тарату торындағы арналар санын да көбейтуге мұрсат береді. Бір аналогты арнаның орнына он бес шақты цифрлық арнаны трансляциялауға жол ашылады.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру – бүгінгі таңдағы басым міндеттердің бірі. Бұл бағдарлама аясында Қазақстанда цифрлық эфирлік телехабар таратуды енгізу жөніндегі жоба қарқынды іске асырылып жатыр.  

2006 жылғы маусымда ХЭБО (Халықаралық электрлік байланыс одағы) әзірлеген «Женева – 2006» келісіміне қол қойылды, құжатқа сай қатысушы елдер цифрлық телехабар таратуға толықтай көшуді және аналогты телехабар таратуды өшіруді қамтамасыз етуге міндетті. Қол қойған 101 елдің ішінде Қазақстан да бар. 

Қолданыстағы аналогты эфирлік желіні цифрлық стандартқа көшіру аясында 2010 жылы дайындық жұмыстары жүргізілді: әлемдік тәжірибені зерттеу мен эфирлік телехабар таратудың жаңа стандартын таңдау. Жаңа стандарттың типін анықтау үшін Қарағандыда DVB-T және DVB-T2 стандарттары техникалық сынақтан өткізілді. Осы жұмыстардың қорытындылағанда қамту аймағы бойынша, энергетика параметрлері бойынша үздік шыққан DVB-T2 стандартының артықшылықтары анықталды.

«Женева – 06» келісіміне қол қойған ТМД-ның көптеген елдері бастапқыда DVB-T стандартын таңдап алды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып эфирлік хабар тарату желісін DVB-T2 стандартына ауыстыру туралы шешім қабылдап, жүзеге асыруда. Бұл стандарт бойынша бір мультиплексте 15 шақты бағдарлама таратуға болады, ал DVB-T стандартының өткізу қабілеті бір мультиплексте бар болғаны 8-ақ арна.

DVB-T2 цифрлық пішімдегі телеарналар трансляциясын қамтамасыз етуші цифрлық эфирлік телевизия MPEG-4 алғаш рет 2012 жылы 3 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында Индустрияландыру күні аясында іске қосылды. Телехабар таратудың эфирлік желісі құрылысының бірінші кезеңін іске асыру шеңберінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Жаңаөзен сияқты қалалар қамтылды. Ал 2013 жылы цифрлық эфирлік телевизия – ЦТВ еліміздің барлық облыс орталықтарында іске қосылды. Ол кезден бастап цифрлық эфирлік телевизияның қамтуы жылдан жылға өсіп, бүгінгі таңда халықтың 92%-ына қол жеткізді.

Тарихқа аз-маз саяхат цифрлық пішімнің өзі де бір күні өткен ғасырдың тренді болып қалатынын көрсетіп отыр. Сондықтан енді бір-екі жылда телевизия жаңа технологиялар және ақпараттық платформалармен селбесе конвергенттік медиалардың жаңа нысандары мен революциялық өнертабыстарға жол ашса, таң қалуға болмайды. ТВ машинаның мультимедиа ойнатқышымен, смарт-сағаттармен бірігуді бастап кетті, ал біз көп ұзамай қалаларда фантастикалық фильмдердегі таңғажайып технологияларды көретін боламыз. Ең бастысы – ештеңеге жалтақтамай, уақытпен бірге адымдай білу.