193 (қалалық телефондардан тегін) 8 727 258 15 00
kz ru

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласы толықтай цифрға көшуде

Опубликовано: 02.07.2020

Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін кезең-кезеңмен ендіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 2020 жылдың 1 желтоқсанында аналогтық телехабар тарату желісі Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласында өшіріледі. Бұл ҚР Ақпарат және коммуникация министрінің 2018ж. 18 маусымдағы «Цифрлық телерадиохабар тарату желісіне көшу мерзімдерін анықтау туралы» №262 Бұйрығына сәйкес, үшінші кезеңді жүзеге асыру болып табылады.

Бүгінгі таңда еліміздің алты аумағы: Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қостанай және Павлодар облыстары толығымен цифрлық эфирлік телехабара тарату желісіне көшіп, анлогтық желі өшірілді.

Солтүстік Қазақстан облысында 42 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, модернизациядан өткізілді. Нәтижесінде 698 елді мекен цифрлық эфирлік телехабар сигналымен қамтылды. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы халқының 98,3% немесе 596 мың адам. Аналогтық таратқыштар 2020 жылдың 1 желтоқсанында өшіріледі.

Сондай-ақ, 1 желтоқсан күні аналогтық телехабар тарату желісі «Көктөбе» телемұнарасында да өшіріледі. «Көктөбе» РТС 1,9 млн. адам тұрып жатқан 167 елді мекенді цифрлық эфирлік телехабар сигналымен қамтиды.  

Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне көшудің келесі кезеңіне сәйкес, 2021 жылы аналогтық желі Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында өшіріледі деп жоспарланған. Ал соңғы – бесінші кезеңде Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары 2022 жылы толықтай цифрға көшеді.